• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Ғылым 14 Ақпан, 2024

ҚазҰУ ғалымдары улы заттарды анықтайтын қондырғы құрастырды

118 рет
көрсетілді

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымдары вакуумдық сынама алу қондырғысын құрастырып шығарды. Құрылғы су үлгілерін алуға және судағы органикалық ластағыштарды анықтауға арналған, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ғылыми жобаның жетекшісі Бағдат Сатыбалдиевтің айтуынша, қондырғы энергия көздеріне тәуелді емес, сондай-ақ шөлді аймақтарда қолдануға өте ыңғайлы.

«Қондырғы елімізде алғаш рет жасалып отыр. Аталған қондырғының көмегімен 300-ге жуық сынама алуға болады. Германия, АҚШ және басқа мемлекеттерде бұл қондырғының аналогтары бар. Бірақ олар электр тогы арқылы жұмыс істейді. Ал біздің өнім энергия қуатынсыз және аймақтардағы өзгерістерге қарамастан жұмыс істей береді. Бұл су сынамаларын алу жұмысын әлдеқайда жеңілдетеді», дейді жоба жетекшісі.

Аталған қондырғыны оқу ордасының ғалымдары Сырдариядағы су сапасын зерттеуге және анықтау жұмыстарына қолданған. Нәтижесінде өзен суының құрамынан хлор, органикалық пестицидтер, фунгицидтер және гербицидтер анықталған.

Бүгінгі таңда инновациялық жобаға патент алу жұмыстары жүріп жатыр. Сынама алудың прототипі АҚШ-та сынақтан өтіп жатыр. Тестілеуден сәтті өткеннен кейін университет ғалымдары қондырғыны коммерцияландыру мақсатында нарыққа шығаруды көздеп отыр.